ТҮРКІСТАН: Білім беру ұйымдарының директорлары тікелей эфирде тағайындалды

0
807

Ашықтық ұстанымындағы конкурста үміткерді бағалау ашық дауыс берумен жүргізіледі.


ТҮРКІСТАН: Білім беру ұйымдарының директорлары тікелей эфирде тағайындалды

Түркістан облысының білім басқармасы білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсының «Әңгімелесу» кезеңі ашық форматта өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Конкурстың әңгімелесу кезеңі әлеуметтік желілерде тікелей көрсетілім арқылы жарияланды. Үміткерлерден тікелей көрсетілім жасауға келісім алынды. Конкурстың қорытынды кезеңін 2 мыңға жуық адам тікелей эфирде тамашалады. Ашықтық ұстанымындағы конкурста үміткерді бағалау ашық дауыс берумен жүргізіледі.


Кезекті әңгімелесуге 13 мекемеге 26 үміткер қатысты. Нәтижесінде, 10 мекеменің бірінші басшылары тағайындалды. Оның біреуі конкурсқа келмеді. Ал екеуі әңгімелесу кезеңінде комиссия мүшелерінің шешімімен өтпеді.


Тағайындау конкурсының комиссия мүшелері де жаңадан толықты. Қазіргі таңда, “Әңгімелесу” кезеңінде 15 комиссия мүшесі бар. Бүгінгі конкурста жаңадан білім саласының ардагері Баян Жолдасова, Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, “Қазақстанның іскер әйелдер ассоциациясы” Түркістан облыстық филиалының төрайымы Инара Намазбаева, Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры, белгілі айтыскер Бекарыс Шойбековпен толықты.


Білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындаудың «Әңгімелесу» кезеңінде бақылаушылар да қатысты.


Жалпы өңірдің білім беру жүйесінде осындай жаңашылдықтар арқылы әділдік пен ашықтыққа бағытталған бастамалар жүзеге асуда. Алдағы уақытта да бұл процестерді жетілдіре түсу көзделіп отыр. Бұл орайда, жариялылық, ашықтық, адалдық - білім беру жұмысындағы негізгі қағидаттар. Қазіргі таңда өңірде әлі де бос тұрған орындар бар. Келесі бос тұрған орындарға конкурс жариялау, тиісті процестерді өткізу жұмыстары жүргізілуде.