ТҮРКІСТАН: Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

0
667

Оқушы саны артып, 514 мыңнан асқан.


ТҮРКІСТАН: Білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысында білім ұяларының саны 983-ке жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында білім ұяларының саны өткен жылмен салыстырғанда 32 мектепке артып, 983-ке жетті. Оның ішінде 75-і – жекеменшік мектептер. Оқушы саны артып, 514 мыңнан асты. Орта білім саласындағы өзекті мәселер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен жиналыста талқыланды.


Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, халық саны жағынан тығыз орналасқан Түркістан облысында білім саласының деңгейін көтеруде мамандар жеткіліксіз. Өңірде педагогтар саны – 67 333, білім алушылар саны – 540 609, жалпы мемлекеттік білім беру ұйымдарының саны – 1376, білім саласына қатысты мемлекеттік қызметкерлер саны жалпы - 106.


«Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы бойынша облыстағы 824 мемлекеттік негізгі және орта білім беру ұйымдарын 3 мыңнан астам физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету жоспарланған.


Апатты және үш ауысымды мектептерді азайту үшін жұмыстар күшейтілген. Мемлекет басшысының 2022-2025 жыл аралығында 1000 мектеп салу бағдарламасы бойынша апатты жағдайдағы үш мектеп анықталып, құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жыл аралығында Түркістан облысында 60-тан астам заманауи мектеп салынады. Жайлы мектептер барлық аудан, қалаларда бой көтереді.


Облыстағы 52 колледжде 37 мыңға жуық бала білім алады. Дуальды оқумен қамтылған колледждер саны – 35. Биылғы оқу жылына кадрларды даярлауға 71 мамандық бойынша 17 000 орынға мемлекеттік грант бөлінді.


Колледждерді қамқорлыққа алу жөнінде 29 колледж 53 кәсіпорынмен меморандум түзді. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» ҰКП, кәсіпкерлік және білім бөлімдерінің мамандарын тарта отырып, аудандарда ауылшаруашылық колледждерінің базасында жастарды қолдау орталықтары (ЖҚО) ашылмақ. Осы арқылы Түркістан облысының ауыл жастарын NEET санатынан шығару қарастырылуда.