Көрші ауылдың тұрғынына 100 000 теңгеге сатып жіберген.
Түркістан облысында бөтен адамның қойын сатып жіберген шопан 3 жылға сотталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, оның 3 бас уақ малы жайылымнан белгісіз жағдайда жоғалып кеткенін жеткізген. Орын алған қылмысты ашып, ұрыларды ұстау үшін құрылған жедел-тергеу тобы оқиғаның ізін суытпай, екі күдіктіні қолға түсірген. Олар қой бағуға жалданған шопандар болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілердің бағып жүрген малынажайылымда бөтен 3 бас мал қосылып кетеді. Жеңіл жолмен пайда табуды ойлаған олар өзге адамның қойларын көрші ауылдың тұрғынына 100 000 теңгеге сатып жібереді. Түскен ақшаны бас пайдаларына жұмсап үлгерген.
Қазіргі уақытта ұсталған күдіктінің біреуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Бәйдібек аудандық сотының шешімімен күдікті 29 жасар жергілікті тұрғын ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша айғақты зат ретінде алынған қойлар заңды иесіне қайтарылды. Ал, екінші күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.