ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды Отырардағы маңызды нысандардың жағдайымен танысты

0
641

Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған.


ТҮРКІСТАН: Дархан Сатыбалды Отырардағы маңызды нысандардың жағдайымен танысты

Дархан Сатыбалды Отырардағы өзекті мәселелері бар нысандардың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керек. Денсаулық сақтау нысанының жай-күйі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды.


Ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.


«Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс», – деді Д.Сатыбалды.


Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.


Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.


Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.