ТҮРКІСТАН: Диқандар көктемгі егіске қажетті жеңілдетілген несиені ерте алады

0
784

2023 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 4,3 млрд. теңге соманы игеруді жоспарлап отыр.


ТҮРКІСТАН: Диқандар көктемгі егіске қажетті жеңілдетілген несиені ерте алады

Түркістан облысының диқандары көктемгі егіс науқанына қажетті жеңілдетілген несиені ерте алатын болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр. Атап айтсақ, фермерлерге «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымдарынан көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген қаржыны 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап алуға мүмкіндік ұсынылып отыр.


Жыл сайын «ОҢТҮСТІК» АИО еншілес ұйымы «Ырыс» МҚҰ-мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы тартылған қаражат есебінен көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратыны белгілі. Жыл сайын қаражат жинау көктемгі кезеңде жүзеге асырылады. Яғни, фермерлер өз қаражаттарын тек көктем мезгілінде алып келді. Бұл Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда көктемгі егіс жұмыстары ертерек басталатын оңтүстік өңірлердің аграрийлері үшін қолайсыз болды.


Жеңілдетілген несиелеудің тиімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлкен жұмыс атқарылды. Нәтижесінде Аграрлық несие корпорациясынан жылдың желтоқсан айында аграрларды қаржыландыратын қаражат мақұлданды.


Жеңілдетілген несиелер беру процесін жеделдету үшін қаражат алуға ниетті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің алдын ала тізімі жасалды. Бұдан басқа, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында егіс тұқымдарының элиталық сорттарын сатып алуға қаржыландыру жоспарлануда.


Компания мамандарының айтуынша, «ОҢТҮСТІК» АИО «Ырыс» МҚҰ-мен бірлесіп, 2023 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 4,3 млрд. теңге соманы игеруді жоспарлап отыр.


Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жалпы егіс көлемі 67,4 мың гектар жердегі 813 жоба қаржыландырылып, шаруаларға 3,9 млрд. теңге берілді.