ТҮРКІСТАН: Егістікте суға таласқан тұрғындар төбелесіп қалды

0
1 525

Жаппай төбелестің салдарынан 12 адам жарақат алған.


ТҮРКІСТАН: Егістікте суға таласқан тұрғындар төбелесіп қалды

Түркістан облысы Жетісай ауданында егістік алқабында суға таласқандар төбелесіп қалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісайдағы егістікте ағын суды бөлісе алмай, шаруалар арасында орын алған жаппай төбелестің салдарынан 12 адам жарақат алған. Оның 5-еуі әлі де ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, қалғандары қажетті ем-домнан соң үйлеріне қайтарылған.

Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл жәйт бойынша 2 адам қолға түскен. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

Айта кетсек, егістіктің басында болған жаппай төбелес 29 мамыр күні орын алып, бұл туралы Жетісай аудандық полиция бөліміне хабарланған. Аталған жәйт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Аталған жайт ҚР ҚК-тің 293-бабымен тіркелді. Қазіргі таңда тұрғындардың алған дене жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Аталған жәйт бойынша барлық тұлғаларды және кінәлілерді анықтауға бағытталған тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы тексерілуде", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.