60-тан аса тазалық шараларына 15 388 адам қатысып, 47 арнайы техника жұмылдырылған.
Отырарда экоакцияға 15 мыңнан астам тұрғын атсалысқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Отырар ауданында тазалық жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аудан орталығынан бөлек барлық ауылдық округтерде өтіп жатқан сенбілік барысында көшелер мен саябақтарды қоқыс қалдықтарынан тазарту, каналдар мен елді мекен ішіндегі арық-атыздарды тазалау жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі таңда науқан басталғалы бері аудан көлемінде ұйымдастырылған экоакция аясындағы 60-тан аса тазалық шараларына 15 388 адам қатысып, 47 арнайы техника жұмылдырылған.
Кезекті тазалық жұмыстарына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, өңір тұрғындарын игі істі қолдауға шақырды.
Ауданға өзге өңірлерден келетін қонақтар мен шет елдік туристер жүріп өтетін негізгі күре жолдың бірі - «Жібек Жолы» даңғылында өткен тазалық шарасына “Отырар-2050” мекемесінің қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа қатысушы азаматтар мен ауыл тұрғындары қатысты. Сенбілік барысында ескерткіштер мен аяқжолдардың бойы қоқыс қалдықтарынан тазартылып, қоршаулар сырланды.