ТҮРКІСТАН: Елді мекендер жоспарлы түрде дамытылады

0
952

«Аймақтық кешенді схема» дайындалып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Елді мекендер жоспарлы түрде дамытылады

Түркістанда сәулет туындылары көбейеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында 800-ден астам елді мекен бар болса, соның 798-і бас жопармен қамтылған екен. Ал 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмек. Осы ретте барлық бас жоспарларға талдау жұмыстары жүргізіліп, бірқатар елді мекендердің бас жоспарын қайта әзірлеп, оларғатүзету енгізу қажеттілігіне байланысты 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Сәйкесінше қазір 24 елді мекеннің бас жоспарын қайта даярлау жұмыстары жүргізіліп жатса, алдағы уақытта мұндай жұмыс 88 елді мекенде атқарылмақ. Бұл туралы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бөкебаев Нұрлыжан мәлім етті.


Басқарма басшысының айтуынша, бұдан бөлек өңірдегі аудан, қалалар мен елді мекендерді дамыту мақсатында «Аймақтық кешенді схема» да дайындалып жатыр екен. Тиісінше бұл құжат тарихи мұраларды сақтап, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды дамыту, қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендету, рекреациялық аумақтардағы туризмнің әлеуетін көтеру және өңірдегі өнеркәсіп кешенінің қарқынын арттыруға да ықпал ететін көрінеді.


«ҚР Президентінің «Инженерлік желілер туралы деректерді толық цифрландыруды қамтамасыз ету» жөніндегі тапсырмасы бойынша облыстағы қала мен аудан орталықтарының құрылыс салынған аумақтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп, 32106,64 гектар аумақ көлемі белгіленді. Оның ішінде 20696,40 гектар аумаққа түгендеу жұмыстарын әзірлеу қажет. 2022 жылы облыс бойынша жалпы ауданы 6895,43 гектар аумаққа жұмыстар жүргізілсе, биыл 12920,4 гектар аумақта түгендеу жұмыстары атқарылуда. Қазіргі кезге дейін оның 12123,25 гектарында жұмыстар орындалса, жыл соңына дейін межені толық еңсеруді жоспарлап отырмыз», - деді Нұрлыжан Маратбекұлы.


Сондай-ақ басқарма қызметкерлері «Мемлекеттік қалақұрылыстық кадастры» бірыңғай ақпараттық жүйесі геопорталына 2685 тұрғын үйді енгізіпті. Оның 2636-сы жеке, ал 49-ы көпқабатты тұрғын үйлер екен. Одан бөлек аталған геопорталға аудандық және қалалық сәулетшілер тарапынан 7087 сәулет-жоспарлау тапсырмасы енгізіліп, 6752 эскиздік жоба келісілген болса, үш мыңнан астам пайдалануға беру актісі толтырылған.


Ал сәулеттік жобалар бойынша жыл басынан 32 мәжіліс өткізіліп, 70-тен аса концепция ұсынылған. Оның ішінде урбанистика саласын дамыту мақсатында 15, туризм саласын дамыту және инвесторларды тарту бойынша 16 және қалалар мен аудандарды дамыту мақсатында қырықтан астам концепциялардың тұжырымдамасы жасалған.


«Қолдау тапқан оннан аса концепция бойынша тиісті мекемелер мен аудан, қала әкімдіктерімен кеңеңестік мәжілістер өткізіліп, жобаларды талқылау жұмыстары жүргізілді. Жобаның құрылыстары бойынша параметрлер толығырақ түсіндіріліп, концепциялардың альбомдары ұсынылды», - деді басқарма басшысы өз сөзінде.


Айта кетсек, басқарма әзірлеген ұсыныстар қатарында «Қолөнершілер орталығы», «Шығыс үлгісіндегі қонақүйлер мен асханалар кешені», «Арбат», «Қолөнершілер саябағы», «Тас мүсіндер саябағы», «Балалар жазғы демалыс орталығы», «Тандыр кешені», «Шығыс базарлары», «Ботаникалық бақ» секілді бірнеше жоба бар. Сонымен қатар басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар нәтижесінде Ясауи кесенесінің маңынан көпқабатты тұрғын үйлер салу жобасы тоқтатылған екен. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, келешекте Ясауи кесенесінің аумағы шығыс стилінде дамыса, шаһардың өзге аумақтарындағы нысандар заманауи үлгіде жүргізілмек.