Үйден шықпай-ақ электронды-сандық қолтаңба арқылы онлайн тапсырыс бере аласыз.
Құқықтық статистика органдары мемлекеттік қызметтің 4 түрін көрсетеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олар соттылығы туралы анықтама, әкімшілік құқықбұзушылық туралы анықтама, мұрағаттық анықтама және прокуратура органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою. Бұл қызметтердің 3 түрін «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы алуға болады. Яғни сіз қызметті үйден шықпай-ақ электронды-сандық қолтаңба арқылы онлайн тапсырыс бере аласыз. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасының қылмыстық саладағы құқықтық ақпараттық қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Мұқаш Ошаев мәлімдеді.
Оның сөзінше ресми құжаттарға апостиль қоюды қоспағанда, барлық қызметтер тегін болып табылады, аталған қызметті көрсету үшін 0,5 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж алынады.
«Соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтаманы беру» мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. Сонымен қатар, сотталмағандығы туралы анықтамалар Қылмыстық Кодекстің 79-бабы тәртібінде соттылықтың өтелуін ескере отырып беріледі. Яғни, қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе соттылығы жойылған немесе алынып тасталған азаматтар «соттылығы жоқ» деген жазуы бар таза анықтамалар алады. Қызмет көрсетудің ең төменгі мерзімі – 10 минут, қосымша тексеру кезінде – 3 жұмыс күні болады», – деді М. Ошаев.
Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы мәліметтерді беру электрондық форматта «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы ғана жүзеге асырылады. Қызмет нәтижесін 15 минутқа дейін береді. Мұрағаттық анықтамаларды да беру жеңілдетілді. Мұрағаттық анықтаманы алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына немесе веб-портал арқылы өтініш беру жеткілікті. Аталған қызметті көрсету мерзімі 30 күнтізбелік күннен 10 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды.
Ал «Прокуратура органдарынан, тергеу және анықтау органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызметі автоматтандырылмаған, Мемлекеттік корпорация арқылы қағаз нысанда көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күні.
Жалпы барлық көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша қызмет беруші –Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті.