Жайдарманның 20 жылдығына орай ұйымдастырылған "МАУСЫМАШАР-2019” фестивалінде жоғарғы деңгейде өнер көрсеткен “Еркінабад құрамасы” жайдарман командасы телевизиялық жобаға жолдама алды.
Астанада еліміздің барлық өңірлерінен келген 235 команда қатысқан өнер додасында Түркістан облысынан бақ сынаған 40-қа тарта команданың үшеуі топ жарып, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Оның бірі Мақтаарал ауданы әкімінің “Еркінабад құрамасы” жайдарман командасы. Талай-талай таланттардың томағасын сыпырып, өнер аспанына қанат қақтырған Қазақстан КВН Одағы “Республикалық Жастар Қоғамдық Бірлестігінің” 20 жылдық мерей тойына арналған “МАУСЫМАШАР-2019” фестивалінде қоғамның кемшін тұстары мен жеткен жетістіктерін өтімді әзілдерімен ұтымды пайдаланып, бекітілген ереже мен қойылған талаптарды, берілген тапсырмаларды толық орындаған, көрерменнің көңіл төрінен орын алып, телевизиялық жобаға жолдама жеңіп алған 45 команданың үшеуі Түркістан облысының командасы болса, сол үштікте Мақтаарал ауданы әкімінің "Еркінабад құрамасы" да бар.