ТҮРКІСТАН: Ет өнімдері Өзбекстанға экспортталады

0
2 094

Түркістан облысындағы «Мамләкет» шаруа қожалығы 2004 жылы өз жұмысын бастаған. Қазір қожалық иелігінде 150 га суармалы жер бар. Сиырларды жем-шөппен қамтуда қиыншылық жоқ. Арнайы цехта тәулігіне 20-24 тонна жем өнімі өндіріледі. Бүгінде мұнда 30-ға тарта адам тұрақты жұмыс істейді. Мұндағы мал сою алаңында қажеттілігіне қарай күніне 15-20 бас сиыр сойылады. Айта кету керек, шаруа қожалығындағы асыл тұқымды сиырлар 400-450 тіпті 500 келіге дейін өнім береді. Болашақта етті өзбек еліне экспорттау көзделіп отыр.


ТҮРКІСТАН: Ет өнімдері Өзбекстанға экспортталады

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Кентау қаласына қарасты Шаға ауылдық округінде орналасқан мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты, деп хабарлайды өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Өңір басшысын «Мамләкет» шаруа қожалығы басшысының орынбасары Бақытжан Байжомартов жұмыс барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 2004 жылы өз жұмысын бастаған кооперативтің жобалық сметалық құны 228 млн теңгені құрайды. Мұнда етті бағыттағы қазақтың ақ бас сиырлары күтіп-бапталуда. 30-ға тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған қожалық жем-шөп мәселесінің де оңтайлы шешімін тапқан.

Нақтырақ, қожалық иелігінде 150 га суармалы жер бар. Сиырларды жем-шөппен қамтуда жыл сайын 60 га жерге - жоңышқа, 50 га жерге - жүгері, 40 га жерге - бидай өндіруді дәстүрге айналдырған. Арнайы цехта тәулігіне 20-24 тонна жем өнімі өндіріледі.

«Мал бордақылау алаңы 900 бас сиырды мал азығымен қамтуға қауқарлы. Оның ішінде, бірінші алаң - 250 басқа, екінші алаң - 650 бас сиырға лайықталған. Сонымен қатар, ет өңдеу цехы да жұмыс жасайды. Мал сою алаңында қажеттілігіне қарай күніне 15-20 бас сиыр сойылады. Асыл тұқымды сиырлар 400-450 тіпті 500 келіге дейін өнім береді. Алдағы уақытта сиырларды 1000 басқа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін банктерден жеңілдетілген несие алу жолы қарастырылуда. Ет өнімін қала халқынан бөлек Өзбекстан Республикасына экспорттауды жолға қоймақпыз», - деді Бақытжан Байжомартов.

Сапар кезінде aймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы ұжымның еңбегіне табыстар тілеп, мемлекет тарапынан қандайда бір қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.