ТҮРКІСТАН: I топтағы мүгедектердің күтім жасаушыларына жаңа жәрдемақы түрі енгізілді

0
1 007

Өңірде 2 мыңнан астам I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адам бар.


ТҮРКІСТАН: I топтағы мүгедектердің күтім жасаушыларына жаңа жәрдемақы түрі енгізілді

Түркістан облысында 647 063 тұрғын әлеуметтік төлем алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлем мүгедектік себебіне қарамастан бірінші топтағы барлық мүгедектерге күтімді жүзеге асыратын адамға тағайындалып, төленеді. Жәрдемақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,40 есесін яғни, 48 023 теңгені құрайды. Бұл туралы брифингте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Хадиша Мақұлбаева мәлімдеді.


Жалпы өңірде бүгінгі таңда 647 063 әлеуметтік төлем алушы бар. Оның ішінде, I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адам саны – 2 263, мүгедек балалар саны – 14 517. Ал, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алушылар саны – 18 360 адам.


«Отбасында екі және одан да көп бірінші топтағы мүгедек тұратын жағдайда, күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы олардың әрқайсысына төленеді. Ал бірінші топтағы мүгедекке күтімді бірнеше адам жүзеге асырған жағдайда, жәрдемақы азаматтардың біреуіне ғана тағайындалады. Сондай-ақ, бірінші топтағы мүгедек және күтімді жүзеге асыратын адам бір елді мекенде тұруы қажет. Күтім жасаушы қызметін рәсімдеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет үйіне» өтініш беріп, төлемі сол күннен бастап тағайындалады», - деді Хадиша Тілләбайқызы.


Сонымен қатар, бүгінде елімізде зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Соның бірі – әйелдердің зейнет жасын ұлғайту. Департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жанат Жамахованың айтуынша, бұл өзгерісті жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығында 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасы кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізілмек.


Биыл қазақстандық әйелдер 60 жаста зейнетке шығатын болса, 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап бұл көрсеткіш 60 жас 6 айға тең болады. Департамент мамандары 1961 жылдың екінші жартыжылдығында дүниеге келген әйелдерге ағымдағы жылдың соңына дейін зейнетақы тағайындау үшін өтініш беріп үлгеру керектігін еске салады. Тиісті құжаттар рәсімделмеген жағдайда зейнетке шығу құқығы тағы алты айға кейінге шегеріліп, 60 жас 6 айдан асқанда ғана мүмкіндік туады.