Қайта жоспар құрылып, іздеу жұмыстарына ТЖ қызметкерлері шақырылды.
Түркістандық полицейлер 5 сынып оқушысын табу бойынша жаңа бағыт алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Түркістанда кәмелет жасына толмаған қыздың үйінен ойнауға шығып кетіп, қайта оралмағаны анықталған еді.
Содан бері полицейлер Інжу Ескерместі күндіз-түні іздеп жатыр. Полицейлерге көмекке қала тұрғындары, еріктілер, білім ошақтарының ұжымы қосылып, қызметтік иттер мен дрондар қолданылған.
Енді бейнежазбаларды зерделеу барысында Інжудің аулада ойнағаны, одан соң жол бойымен белгісіз бағытта кетіп бара жатқаны анықталыпты. Бұл туралы полиция департаменті хабарлады.
"Інжумен бірге ойнаған көрші қызбен бірнеше рет тілдесу арқылы, екеуінің бірге су ағып жатқан каналға барғаны, Інжу сумен ойнағысы келіп, абайсызда каналға құлап кетіп, шыға алмай қалғаны анықталды. Қазір полицейлер осы бағыт бойынша қайта жоспар құрып, іздеу жұмыстарына ТЖ қызметкерлерін шақырды. Іздеу жалғасуда", - деп хабарлады Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметі.