Түркістан қаласына көшірілген арыстықтар 6 бекетке жайғасқан

0
1 186

Оларды қала халқы бірігіп қажетті заттармен, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатыр.


Түркістан қаласына көшірілген арыстықтар 6 бекетке жайғасқан

Бүгінгі күні Түркістан қаласында арыстықтарға арналған алты эвакуациялық қабылдау пунктері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Атап айтар болсақ, кешегі күні Түркістандағы С.Ерубаевт атындағы мектеп интернаты, тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп интернаты, Н. Оңдасынов атындағы «Дарын» мектеп интернаты, Түркістан көмекші мектеп интернаты, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ жатақханасы, Ясауи атындағы жасөспірімдер оқуторталығында орналасқан пунктер Арыс қаласының тұрғындарын қабылдаған болатын.

Ясауи атындағы жасөспірімдер оқу орталығында орналасқан пунктте болған арыстықтар ыстық тамақпен, жатын орынмен және тұрмысқа қажетті күнделікті тұтыну тауарларымен қамтамасыз етілген.


Қазір мұнда 100 адамды қабылдауға мүмкіндік бар. Түркістандықтар төтенше жағдай салдарынан жапа шеккен тұрғындарға ел болып көмектескен. Ерікті жастар келіп, қажетті заттарды жеткізіп тұрыпты.
Солардың бірі Түркістан қаласының тұрғыны Бекжан Биғаш:
- Біз достарымызбен уатсапта ортақ чат аштық. Қай жерге көмек керек екенідігін біліп сол жерге барып, қол ұшын созып жатырмыз. Көмек берушілер өте көп. Бір ағамыз бүгінгі кешкі тамаққа бір өзі демеушілік жасайтын болды. Ал, су, сабын, памперс секілді тауарларды базарда тұратын бизнесмен апай бір "Газель" етіп алып келіп тастады. Біз де өзіміз жиналып қажетті көмегімізді берудеміз. Халық бірлігі мен ынтымағын көріп, ерекше сезімге бөленеді екенсің, - дейді ол.

Бүгінгі жағдай қалыпты. Арыс қаласының маңындағы ауыл тұрғындары жаймен үйлеріне орала бастапты.