Түркістан қаласында 400 гектар жерге саябақтар салынды

0
1 200

11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар.


Түркістан қаласында 400 гектар жерге саябақтар салынды

Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау және ішкі ирригациялық жүйелердің жай-күйі – басты назарда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаһардағы жаңа саябақтардың жайымен танысып, ондағы тазалыққа жауапты азаматтармен жолықты. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Түркістан қаласында бүгінде 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 29 көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше, қайталасбас үлгіде салынды. Саттарханов көшесінің бойындағы «Желілік саябақтың» жер көлемі 20 гектардан асады. Саябақта 5 мыңға жуық ағаш, 25 мыңға жуық жасыл бұта егіліп, жасанды тоған орнатылған. Мыңнан астам шаммен жарықтандырылып, субұрқақ, орындықтар, 2 мыңнан астам кіші архитектуралық форма қойылған.

Жалпы аумағы 5 гектар жерде орналасқан Н.Назарбаев атындағы жаяу жүргіншілер аллеясын абаттандыру жұмыстары аяқталуға таяды. Демалыс аумағы жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. «Әзірет Сұлтан» қорық – мұражайынының аумағы абаттандырылып, жарық шамдар орнатылды. 20 гектар жерде орналасқан аумаққа газон төселіп, ағаштар отырғызылды. Суару жүйелері жүргізіліп, жолаяқтар төселді.

Жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағында» сыйымдылығы 100 текше метр болатын жасанды арал пайда болды. Ол үшін су ұңғымасы мен резервуар салынды. 10 мыңға жуық ағаш отырғызылып, жолдар төселді. Жаңа демалыс орны ерекше дизайнда жасалған шамдармен жарықтандырылды. Субұрқақтар салынып, шағын сәулеттік мүсіндер орнатылды. Саябақта бірнеше ойын алаңшалары салынды.

Бүгінде «Нұр – Сұлтан» алаңы, «Жібек жолы» саябағы, «Дедросаябақ», Яссы көшесіндегі «Желілік саябақтың» құрылысы аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.