ТҮРКІСТАН: Қарамұрт тұрғындарының бірнеше мәселесі шешілетін болды

0
550

Тұрғындар әкімге арыз-шағымдарын жеткізді.


ТҮРКІСТАН: Қарамұрт тұрғындарының бірнеше мәселесі шешілетін болды

Сайрам ауданының әкімі Қарамұрттағы өзекті мәселелерді бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитұлы Қарамұрт ауылдық округінде болып, аралау барысында өзекті мәселелерімен танысты. Ауылдық округ әкімі М.Нажиев «Қарамұрт газ» ЖШС тарапынан 2023 жылы табиғи газ қысымын көбейту мақсатында күрделі жөндеу жұмыстарының жоспарланып отырғаны, Низамабад елді мекеніндегі жер қойнауын пайдаланушының жұмысына тұрғындардың білдірген қарсылығы, Қарамұрт ауылы мен Төлеби ауданының шекарасында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды тастайтын орынды жабу туралы мәселелерін түсіндіріп, заңға сәйкес шешімін қарастыруға ықпал етуін сұранды.


Өткен жылдың қыс маусымында бұл округте газ қысымы төмендеп, тұрғындарға бірнеше күн газ берілмей қалған жағдайы орын алған болатын. Осыған байланысты, газ шаруашылығы қысқа дайындық маусымына дейін қосымша құбырларды жүргізіп, аяқтауы тиіс. Жекеменшік газ шаруашылығының бастаған жұмысы бүгінгі таңда баяу екенін тілге тиек етті. Құбырларға арналған жер қазылған, алайда басталған жұмысты соңына дейін жеткізу үшін тиісті мекемелерден құжаттарға келісім ала алмай отырғаны айтылды. Тұтынушылардың жартысына жуығы осы газ шаруашылығын қолдаса, қалғаны аудандағы «КазТрансГазАймақ» АҚ Сайрам аудандық газ шаруашылығына өткізу секілді келіспеушіліктер туындап отыр екен.


Сондай-ақ, ауыл тұрғындары жер қойнауын пайдаланушылардың үлкен үйінді жинамауын және айналасына су сеуіп отыруын сұранды. Одан бөлек, қоқыстарды өртеген кезде ауада тараған иісі үшін жергілікті халық қайта жабу мәселесін көтеріп отыр.


Аудан басшысы аталған мәселелерді зерделеп, заңға сәйкес ретке келтіруді тапсырды.