ТҮРКІСТАН: Карантинде той жасағандар ұсталды

0
1 276

30 АЕК айыппұл салынған.  


ТҮРКІСТАН: Карантинде той жасағандар ұсталды

Түркістан облысында демалыс күндері карантинде тығылып жасалған 12 той тоқтатылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Карантин талаптарын бұзып сенбі мен жексенбіде жиын той өткізгендерге 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Той иелерінің үстінен ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 425 бабының 1 тармағымен жеке тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Түркістан облысы Қазығұрт және Төлеби аудандарының тұрғындары 32-50 адамның басын қосып қыз ұзату тойын өткізген. Сайрамда мобильді топ қыз ұзату, 2 беташар, 1 отбасылық отырыстың үстінен түскен. Арыс ауданында 3 беташар мен 1 қыз ұзату тойы тоқтатылған. Келес ауданы Біртілек ауылдық округі Жолбасшы ауылында жергілікті тұрғын 30 адамды жиып беташар өткізіп жатқанын анықтаған мобильді топ отбасылық іс-шараларды тоқтатып тарқатып жіберген.

Сондай ақ Түркістан облысының табиғаты тамаша Төлеби ауданы аумағында 4 демалыс аймағы карантин талаптарын бұзып жұмысын жалғастырғаны әшкереленген. Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тәртіпке бағынбаған демалыс орындарына 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

"Короновирус инфекциясының алдын алу мақсатында 25-26 шілде күндері мобильді топтармен Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аудандық және қалалық басқарма мамандарымен бірлесіп сенбі, жексенбі күндері карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын обьектілерге мониторингілеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1328 нысанды бақылап карантин талаптарын бұзған 206 нысан анықталды. ҚР ӘҚБ туралы Кодексінің 425 бабының 1 тармағымен жеке тұлғаларға-158 хаттама толтырылып, 30АЕК көлемінде, жеке кәсіпкерге -25 хаттама толтырылып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, әкімшілік құқықбұзушылық туралы 183 хаттама толтырылды", - деп мәлімдеді Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.