ТҮРКІСТАН: Қараусыз қалған малдың иесіне айыппұл салынады

0
1 842

Қаланы көгалдандыру, көшелер мен жол бойларындағы тазалықты сақтау жұмыстарына немқұрайлы қараушылардың қатары азаяр емес.


ТҮРКІСТАН: Қараусыз қалған малдың иесіне айыппұл салынады

Енді Жетісай көшелерінде қараусыз жайылып жүрген малдардың иелеріне заң аясында шара көріліп, айыппұл салынатын болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Әлішер Есенбеков бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Еріктілер» клубының мүшелері күні бүгінге дейін қала көшелеріне 1500 түп шырша мен мыңға тарта түрлі декоративті ағаш көшеттерін отырғызған. Мақсат – аудан орталығы саналатын Жетісай қаласын жасыл аймаққа айналдырып, жүйіткіген көп көліктен шыққан түтіннің мөлшерін азайту, жазы ыстық келетін өңірде тұрғындарға көлеңке саясында жүріп-тұруға жағдай жасау.
Әйтсе де, жүргізіліп отырған жұмыстардың парқына бармай, егілген көшеттердің көгеріп өсуіне кесірін тигізіп отырған азаматтар да жоқ емес. Қорасында мал ұстайтын қала тұрғындары мен қалаға іргелес Қазыбек би және Жаңа ауыл ауылдық округтерінің тұрғындары малдарын көшеге жайып, қараусыз қалдыруының салдарынан жол бойлары мен үй іргелік алаңшаларға отырғызылған көшеттер көктемей жатып, сынуда. Иелеріне ескертулер жасалғанымен нәтиже жоқ.
«Біз аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен біргелікте осылай қала көшелерінде қараусыз жайылып жүрген малдарды қамап, заң аясында хаттама толтыратын, сот арқылы айыппұл салдыратын боламыз. Бұл мақсатта малдарды қамайтын арнайы орынды да қарастырып жатырмыз. Малы қамалған азамат айыппұлымен қатар малдарына берілген жем-шөптің де ақысын арнайы бекітілген тарифпен төлейтін болады», - дейді Жетісай қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Есенбеков.
Қала басшылығы әрбір тұрғын иелігіндегі малдарын көшеге емес жайылымдарға жіберіп немесе қорасында ұстап бағулары тиіс екендігін айтады. Өйтпеген жағдайда бәріне қолданылар жаза ортақ болмақ.