Пошта қызметкерлері өз жұмысын штаттық режимде жалғастыратын болады.
Түркістан облысының тұрғындары арасында шот арқылы төлемақылар алып жүрген үлкен қарт кісілер болса, біз қоғам картасын рәсімдеп, мекен-жайға жеткіземіз. Бұл туралы Қазпошта АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Бақытжан Ысқақ мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оның айтуынша, пошта қызметкерлері өз жұмысын штаттық режимде жалғастыратын болады.
«Барлық қызметкерлер санитарлық талаптарға сай жабдықталды. Басқарма қызметкерлері, операторлар, хат тасушылар, сұрыптаушылар, көлік жүргізушілері мен инкассаторлардың барлығы дерлік бетперделер, қолғаптар және антисептиктермен қамтылды. Облыс орталығы мен елді-мекендердегі 55 жастан асқан қызметкерлер өз таңдауымен демалыстарға жіберілетін болады. Мүмкіндігі шектеулі және жасы 80-нен асқан азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақылары мекен-жайларына арнайы сақтық киіммен қамтылған мобильдік топпен жеткізілетін болады. Зейнетақыны алу уақыты басталған кезде тұрғындарды міндетті түрде бетперде киіп, сақтық шараларын жасап, кемінде 2 метр араларына ара-қашықтық ұстап, сабыр сақтап қызмет алуға шақырамыз»,- деді Бақытжан Бекболатұлы.
Айта кетерлігі, 2020 жылдың 1-15 сәуір аралығында Мақтаарал және Жетісай аудандарында жұмыс кестесіне аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қаулысына сәйкес, шектеулер енгізілді. Яғни қызмет көрсету сағат 10.00-нан 16.00 уақыты аралығында болады. Қызметі шектелген елді мекендердегі бөлімшелерге зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақылар берілу барысында облыс мамандарын тарту қарастырылған.