Жергілікті халықты не алаңдатады?
Түркістан облысының әкімі Келес ауданы тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданы тұрғындарымен кездесіп, мәселелер ашық айтылып, түйткілдер тарқатылды.
Өңір басшысы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Облысты, ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарға да тоқтала кетті.
“Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Келес ауданында 2023 жылы 12 елді мекенде 22 жобаны іске асыруға 2 млрд. теңге бөлінді. Бірлік, Абай, Қияжол, Құйған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 415 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Абай атындағы мектепке қосымша корпус құрылысы жүргізілсе, Жамбыл, Қошқар ата елді мекендерінде Мәдениет үйлері салынып, пайдалануға берілді. Өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеруде. 2024 жылы 18 елді мекенде 25 жобаны іске асыру үшін 2,4 млрд. теңге қаралды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңгеге 216 жоба қаржыландырылды. Облыста Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, Келес ауданында 29 мектепте толық іске қосылды. Тұрғындармен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі мәселелерді шешу. Сондықтан біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Қай салада көрсеткіштер төмендеп кеткен болса, соны көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізген жөн”, – деген Дархан Сатыбалды инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында жоспар толық орындалмағанына тоқталып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берді.