Бұл өнімге сұраныс мол.
Келес ауданының диқандары құлпынай өнімін жинап жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Қазақстан елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Исмадияр Адилов бүгінде құлпынай егіп, еңбекпен нанын тауып отырғандардың бірі.
Диқанның айтуынша, 1 гектар жерге егілген құлпынайдан жылына 15-20 тонна өнім алады екен. Жақсы өнім алу үшін алқаптың топырағын құнарландыруға да үлкен көңіл бөліп, құлпынайды ылғалды топырақта өсіруде. Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін онда тыңайтқыштар төгіліп, тиісті күтім жасап келеді.
Былтыр күзде еккен құлпынай өнімі биыл жетіліп, үшінші терімін еліміздің ішкі нарығына шығарып үлгерді. Құлпынайдың бірінші терімінен 200 келі өнім алса, екінші терімі 800 келіге жеткен. Ал, үшінші терімнен өнімді рекордтық көрсеткішке жеткізген дихан 1 гектардан 4 тонна өнім алған. Өнімге сұраныс еліміздің ірі қалалалары және өзіміздің облыс аумағындағы аудандардан келіп түсуде. "Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын" диқан тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, құлпынайды құлпыртып, бүгінде кәсібін жандандырып отыр.