ТҮРКІСТАН: Келес ауданындағы 9 ауылға табиғи газ беріле бастады

0
723

Ауданның газбен қамтылуы – 76,6 пайызға жетпек.


ТҮРКІСТАН: Келес ауданындағы 9 ауылға табиғи газ беріле бастады

Мереке қарсаңында Келес ауданындағы 9 ауылға көгілдір отын беріле бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесін жіті бақылауға алып, нақты істерді атқаруды тапсырған болатын.


Былтыр Келес ауданына қарасты бірқатар елді мекенде көгілдір отынды іске қосу мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі таңда Алғабас, Аманжар, Жамбыл-1, Жамбыл-2, Бәйтерек, Мақташы, Бесауыл, Жаңақоныс, Қарабура ауылдарына газ беріле бастады. «Наурыз» мерекесі қарсаңында Қошқарата ауылдық округіндегі Аманжар ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындардың шаңырақтарын аралап, көгілдір отынның қосылғанына куә болды.


«Біздің басты мақсатымыз – жергілікті ауылдардың инфрақұрылымын реттеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Соның айғағы ретінде бүгін аманжарлықтарға табиғи газ беріліп, ел игілін көре бастады», - деген Жәнібек Есенұлы жергілікті тұрғындардың мәселесіне құлақ түрді.


Аманжарлықтар табиғи газ және ауыз сумен қамтыған аудан басшысына алғысын айтып, ендігі кезекте елді мекеннің ішкі көшелері жөндеуді қажет ететінін жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі өңіріміздегі елді мекендердегі инфрақұрылым жүйелерімен қамтылуы бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлап, кенжелеген ауылдарды дамытуға басымдық берілетінін айтты.


Айта кетейік, Келес ауданы бойынша қазіргі таңда 50 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Жоғарыда аталған 9 ауыл толығымен табиғи газға қосылған соң ауданның газбен қамтылуы – 76,6 пайызға жетпек.


Қазіргі таңда жалпы 12 елді мекенді толықтай газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті шаралар атқарылуда.