Ол есімі елге белгілі, құқық саласы бойынша қалам тербеп, қарымды мақалалар жазған журналист еді.
Келес ауданында «Аяулы жан өтті деп өмірдегі...» атты еске алу кеші өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданында есімі елге белгілі журналист, құқық саласы бойынша қалам тербеп, қарымды мақалалар жазған, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Анар Бәкірқызын еске алу іс-шарасы өтті.
Аталған кешке қалың қазаққа Анар Аспан есімімен танылған ардақты тілшімен бірге қызмет атқарған журналистика ардагерлері, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан мен баспасөз ұжымы, сонымен қатар туыстары мен жерлестері қатысты.
Еске алу кеші аясында келестік жеткіншектер Анар Бәкірқызының өмірбаянымен таныстырып, өз естеліктерімен бөліскен ардагер журналистер оның қайсар мінезді, алған бетінен қайтпайтын, өз ісіне адал, өзгелерге қамқор жан болғаны жөнінде әңгімелеп берді.
Айта кетсек, Анар Аспан осыдан 9 жылдан астам уақыт бұрын ауыр науқастан көз жұмған еді. Оның тіршіліктің бар қиындығын жеңіп, ауру анасы мен әскерден мүгедек болып оралған жалғыз бауырына қарайлап, совхозда трактор да айдап, нәзік жаратылысына қарамастан еңбек озаты болғанын жерлестері әлі ұмыта қоймаған екен. Қаншама жыл өтсе де, Анар Аспанның есімі ел жадынан шыға қоймайтыны анық.