ТҮРКІСТАН: Келесте жаңа емхана салынады

0
757

Майдабозай елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылады деп күтілуде.


ТҮРКІСТАН: Келесте жаңа емхана салынады

Келес ауданында тұрғындардың сұранысымен жаңа емхана салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданына қарасты Бекбота ауылында жаңа емхана салынбақ. Осыған дейін аталған елді мекенде ауыз су құбырына қосымша насос орнату жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауылдың шеткі нүктелеріне ауыз су жетіп, ел көтерген мәселе шешімін тапқан еді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары заманауи үлгідегі жаңа емхана керектігін алға тартқан болатын.


Аталған ұсыныс аясында бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ Бекбота елді мекеніндегі «Жамбыл» дәрігерлік емханасын жаңартуға жер таңдау актісі істеліп, ауданның кадастр мекемесінен жоспары алынды. Қазіргі таңда «Абай» Келес аудандық ауруханасы тарапынан сәулет-жоспарлау тапсырмасы дайындалуда.


Бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Жамбыл ауылының тұрғындарымен кездесуінде баяндалды. Кездесу еркін форматта өтіп, тұрғындар көкейіндегі сұрақтарға жауап алды. Аудан басшысы алдымен өткен кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешілу жолына тоқтала келе, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.


«Бүгін Жамбыл ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Жыл басынан бері өздеріңізбен 2 есептік кездесу өткіздік. Сол кезде маңызды 8 мәселесі көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде», - деді аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев.


Сонымен бірге ауыл округінің даму жоспарына сәйкес тұрғындардың талап- тілегін орындау мақсатында №61 Абай атындағы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округі әкімдігі жаңартылады.


Оған қоса, Бекбота және Майда Бозай елді мекендері аралығындағы облыстық маңызы бар КХ-108 автомобиль жолының 0-11 шақырымын орташа жөндеу жұмыстары және Ащыкөл мен Қалғансыр елді мекендері аралығын қосатын аудандық маңызы бар КХGS-32 автомобиль жолының 6,8 шақырымына орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыс жоспарына енген болса, биыл Майдабозай елді мекені ауыз су жүйесімен қамтылады деп күтілуде.