ТҮРКІСТАН: Келестік тігінші 12 адамды жұмыспен қамтып отыр

0
608

Бір айда 40 млн. теңгенің тапсырысын қабылдаған


ТҮРКІСТАН: Келестік тігінші 12 адамды жұмыспен қамтып отыр

Келестік Гүлзат Тағайбекқызы тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Гүлзат Тағайбекқызы тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырып, бір айда 40 млн. теңгенің тапсырысын қабылдаған. Жолдасы екеуі – Ғ.Мұратбаев атындағы №40 мектебінің мұғалімі. Бүгінде 5 бала тәрбиелеп отырған ол жеке қызығушылығының арқасында тігін цехын ашып, қосымша кәсібін дөңгелетуде.


«Өз ауылымыздың әлеуетін көтеріп, экономикасын дамыту мақсатында тігін цехын ашуды жоспарлап, бүгінде ойымызды іске асырдық. Жұмысқа 12 жергілікті азаматты қабылдадық. Кәсібімізді «ABDET – KZ» ЖШС-не тіркеп, мемлекеттік портал арқылы тапсырыс қабылдаудамыз. Негізгі өніміміз – перде тауарлары. Биылғы жылдың қыркүйек айында «Қазақстанда жасалған өнім» сертификатына ие болдық», – дейді ол.


Кәсіпкер бұл істі бастамас бұрын зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нарықты зерттеген. Түркістан облысы мен Шымкент қалалары аумағында дәл осы кәсіппен айналысатындар болғанымен, отандық өнім өндіруші ретінде мемлекеттік порталға тіркелгендері аз екен. Кәсіпкер ана, алдағы уақытта жұмыскер санын көбейтіп, арнайы жұмыс киімдерін, қолғап, шұлық және матрас өндіруді жоспарлауда.