ТҮРКІСТАН: Келестің дамуына кедергі келтірген мәселелер талқыланды

0
366

Жұмыстарды кері тартатын әрекеттер де қатаң сыналды.


ТҮРКІСТАН: Келестің дамуына кедергі келтірген мәселелер талқыланды

Түркістан облысының әкімі Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, облыс және аудан активімен көшпелі мәжіліс өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарымен барып, облыс және аудан активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Аймақтағы қордаланған мәселелер, түрлі салалардағы кемшіліктер сараланып, ұсыныстар айтылды. Ауданның экономикасын жақсарту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жолдары талқыланған мәжілісте осы жұмыстарды кері тартатын әрекеттер де қатаң сыналды.


«Ауданда соңғы жылдары сыбайлас жемқорлық фактілері жиі тіркелді. Осыған байланысты өз құзыреттеріңіздің шегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз. Бұл бағытта нақты, нәтижелі шаралар қажет. Кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу, есірткіге қарсы күрес, жасөспірімдердің құқығын қорғау бойынша полиция департаментімен бірге қажетті іс-шаралар жоспары қабылдансын. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам және жарық бағаналары орнатылсын. Жалпы, білім беру ұйымдарының жұмысын жақсарту, білім сапасын арттыру бағытында жүйелі өзгерістерді қабылдау керек. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жылдар бойы шешімін таппай жүрген мәселелер бар. Игілік елді мекеніндегі ауыз су жүйелерінің құрылысы қолға алынғанымен, нысан екі жылдан бері іске қосылмай тұр. «Қызыләскер» қосалқы станциясының құралдары қараусыз қалған. 2021 жылдан бері 8 елді мекен табиғи газға қосылмаған. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірлесе отырып, қысқа мерзімде шешімін тауып, нысандарды іске қосу бойынша қажетті жұмыстарды атқарсын. Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттер жүктеп отыр. Ел сенімін ақтауға күш салу керек», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың есебі тыңдалды. Ал Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов облыс әкімі аппараты тарапынан Келес ауданының өзекті мәселелері талданғанын, бірқатар кемшіліктер анықталғанын мәлімдеді.


Ауданда былтыр бірқатар негізгі көрсеткіштері орындалмаған. Өнеркәсіптің нақты көлемі индексі 91,3 пайызды құраса, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемінің индексі 84,7 пайызды құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның көлемі 90,7 пайызға, оның ішінде ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция 85,3 пайызға, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 84 пайызға орындалған.


Сүт өндірісі 7,4 пайызға, жұмыртқа өндірісі 2,4 пайызға, ет өндірісі 1 пайызға, ірі қара мал саны 8,4 пайызға, қой саны 18,5 пайызға, жылқы басы 13,2 пайызға, құс саны 13,8 пайызға кеміген. Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 93,1 пайызға жеткізу жоспарланған, орындалуы 88,3 пайызды құрап, межеге қол жеткізілмеді. Жергілікті бюджеттің түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары төмен деңгейде жүргізілуде.


Келес ауданы бойынша 41 көп қабатты тұрғын үй болса, олардың басым көпшілігі 1951-1985 жылдары салынған. Бүгінгі күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары ұйымдастырылмай, жағдайы ескірген.


Жиынды түйіндеген облыс әкімі ауданда өндіріс орындарын ашу, инвестиция мен аудан бюджетінің түсімдерін ұлғайту, ауыл шаруашылығын жан-жақты дамыту, жолдарды жөндеу, санитарлық тазалықты жақсарту және өзге де салаларға қатысты тапсырмалар берді. Тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, қатаң бақылауға алынды.