ТҮРКІСТАН: Кемеқалғанда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр

0
592

Әкім жұмыстардың кестеге сай, әрі сапалы жасалуын тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Кемеқалғанда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр

Төлеби ауданында ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданында ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселелерін шешу бағытында Кемеқалған ауылдық округінде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда аудан әкімі Төлеген Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров ауылдық округке барып, бірқатар нысандармен танысты.


Бүгінгі таңда Кемеқалған ауылдық округіне қарасты Әңгірата елді мекеніндегі ұзындығы 1,16 шақырым болатын Әңгірата көшесіне, Абай елді мекенінің ұзындығы 0,8 шақырым Тәуелсіздік көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Әңгірата елді мекенінің Жастар, Ардагерлер көшелеріне, Абай елді мекенінің Қошқарата, Қаратас көшелерінің, Ұйымшыл елді мекенінің Шеңгелсай, Шоқалақ көшелерінің электр желілері мен бағаналарын ауыстыру, трансформатор орнату жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, биыл Әңгірата елді мекенін абаттандыру мақсатында ауыл кәсіпкерлері демеушілігімен «Наурыз» алаңшасы мен аллея салынатын болады.


Сондай-ақ, Ұйымшыл елді мекенінде Ұйымшыл шағын жинақты білім беретін мектебінің 200 орындық қосымша құрылысы жүргізілуде. Құрылысқа 60-қа жуық адам жұмылдырылған. Нысанмен танысқан аудан басшысы мердігер мен жауапты басшыларға жұмыстардың кестеге сай, әрі сапалы жасалуын тапсырды.


Сонымен қатар, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы Қарақия елді мекенінің жаңа массивіне табиғи газ тарту жұмысымен танысты. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен пікірлесіп, талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында көтерілген электр, газ мәселелері бойынша тиісті сала басшаларына нақты тапсырмалар жүктеді.