ТҮРКІСТАН: Кентау қаласының әкімі “Алтын белгі” иегерлерімен кездесті

0
743

Кентау қаласының мерейін үстем еткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.


ТҮРКІСТАН: Кентау қаласының әкімі “Алтын белгі” иегерлерімен кездесті

Кентау қаласының әкімі «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жастармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашық аспан аясында биылғы оқу жылында ҰБТ-дан жоғары балл жинап, «Алтын белгілерін» ақтап шыққан 70-ке жуық білімді жастармен кездесті.


Еркін форматта ұйымдастырылған жиынды қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Сұлтан Азат жүргізді.


Қала басшысы ең алдымен жастарға ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтап, Кентау қаласының мерейін үстем еткен жетістіктерімен құттықтап, алғысын білдірді.


“Алдағы уақытта Абай атамыз айтқандай: «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» бола білсеңіздер, жақындарыңыз бен жанашырларыңыздың мақтанышына айнала бересіздер. Енді бұдан кейін үлкен өмірге қанат қағып барасыздар. Қанаттарыңыз талмай, биіктерге самғай беріңіздер! Жоғары оқу орнына оқуға түсіп, студенттік дәуірді қызықты өткізіп, абыроймен бітірулеріңізге тілектеспін. Таңдаған мамандықтың мықты иесі, кәсіпқойы болыңыздар!”, – деді қала әкімі.


Жайма шуақ жаздың керемет сәтінде өткен кездесуде жастар тарапынан қала басшысына түрлі тақырыпта еркін сауалдар жолданып, ойларымен бөлісті.


Еліміз бойынша ҰБТ-дан ең жоғарғы 138 балл жинаған А.Қожанов сөз алып, қала басшылығына өз ризашылығын айтып, білім беру жолындағы ұлағатты ұстаздарына алғысын жеткізді.


Жандос Қалмырзаұлы жүздесу барысында жастарға алдағы өмірлеріне сәттілік тілеп, «Алғыс хаттар» табыстады. Сонымен қатар ұлы ғұламалардың терең мағынаға толы кітаптарын тарту етті.


Айта кетейік, қала бойынша 2023-2024 оқу жылында 928 түлек оқуын аяқтады. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 53 оқушы «Алтын белгі», 30 оқушы «Үздік үлгідегі аттестат» иегерлері бар.