ТҮРКІСТАН: Кентауда 50-ге жуық отбасы баспаналы болды

0
481

Мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.


ТҮРКІСТАН: Кентауда 50-ге жуық отбасы баспаналы болды

Кентауда 55 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңғыртылып, ойын алаңшалары салынып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарымен танысты.


Кентау қаласында қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында Құрманғазы көшесіндегі №86, №84А үйлері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Аталған жұмыстар биыл қазан айының соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, биыл шаһар бойынша 55 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті жаңғыртылып, ойын алаңшалары салынып жатыр.


Сапар аясында БАҚ өкілдері 47 тұрғынға пәтер кілтін табыстау сәтіне куә болды. Апатты деп танылған үйде тұратын 47 отбасы Төлеби көшесіндегі орналасқан қайта жөндеуден өткен үйге орналастырылды. Кентау қаласында мұқтаж отбасыларды тұрғын үймен қамту жұмыстары қарқынды жүруде.


Сонымен қатар, баспасөз туры аясында журналистер жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Төле би көшесіне аялдады. Қазіргі таңда, бағдаршам мен жол кедергілерін қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы қала бойынша биыл 40-қа жуық көше жөндеуден өтеді.