ТҮРКІСТАН: Кентаудағы өзекті мәселелер талқыланды

0
2 253

Өңірдегі жұмысын дұрыс атқармаған басшыларға шара көріледі.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы өзекті мәселелер талқыланды

Түркістан облысында жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделеніп, жұмысын нашар атқарған басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыс сапарын Кентау қаласынан бастап, аймақтың өзекті мәселелерін талқылады. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы да сараланып, қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.


"Бүгін біз Кентау қаласындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Қалада шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым мен қаланы абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың көңілі толмайды. Кемшіліктерді жою үшін бір ай мерзім беремін. Қалада салық базасын ұлғайту бойынша резервтер көп. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе қала бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Қаланың дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, қаланың инвестициялық климатын жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын", – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ауызша ескерту берді.


Кентаудың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне шаһарға инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, индустриалды аймақты дамыту, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ішкі абоненттерді газға қосу жұмысын жеделдету, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.


Мәжілісте Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, қаланың жалпы өнім көлемі 70,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,0% құраған. Өткен жылы өнеркәсіп 41,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 млрд. теңгеге артқан. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар да айтылды.


Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов Кентауды дамыту барысындағы кемшіліктерді баяндады. Оның айтуынша, былтыр қалада бірқатар негізгі көрсеткіштер орындалмаған. Өнеркәсіптің нақты көлемі индексі 91,8 пайызды, инвестиция 88,7 пайызды, пайдалануға берілген тұрғын үй 79,6 пайызды құрады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының өнім көлемі, құрылыс жұмыстарының көлемі бойынша жоспар орындалмаған. Өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалары қозғалды.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Кентау қаласы бойынша білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат, дін салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.


Бүгін Кентаудан бастау алған жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасын табады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды барлық аймақтарды аралап, әрбір ауданның даму барысын, жұмыстарын саралайды. Мәселелерді шешу жолдары қаралып, тапсырманы орындалу мерзімдері белгіленеді. Барлық сала зерделенеді. Осы арқылы өңірді дамыту жұмыс сапасын жақсарту, елдің өтініштері мен ұсыныстарын сапалы орындау, облыстың даму көрсеткішін жақсарту көзделіп отыр.