Марапатты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов табыстады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 14 қыркүйектегі № 412 Жарлығымен коронавирустық инфекциясының кең таралуының алдын-алу мақсатында аянбай еңбек еткен отандастарымызға арналған «Халық алғысы» медалі жарияланған болатын, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалін жариялауына орай, бүгін Түркістан облысында төтенше жағдай енгізілген сәттен бастап халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, елеулі еңбегімен көзге түскен жандарға «Халық алғысы» медалі табысталды. Олардың арасында Үкіметтік емес ұйым мүшелері, облыстағы БАҚ саласының өкілдері, өнер адамдары мен волонтерлар бар. Марапатты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов табыстап, ел игілігі жолындағы еңбектері үшін алғысын білдірді.
«Сіздер, әлемдік пандемия қыспаққа алғанда алдыңғы шепке шығып, әбігерге түскен халықты қауіптен аман алып қалуға атсалыстыңыздар. Өз бастарын қатерге тігіп, елдің амандығын алдыңғы орынға қойған сіздерді бүгінгі күннің батырлары десек жарасады. Ауру ошақтарына арнайы барып, халықты жәдел әрі шынайы хабарлармен қамтамасыз етуде ақпарат саласы өкілдерінің еңбегі орасан зор болды. Сондай – ақ облыс, қалалар аумағындағы блок бекеттердегі қызметкерлерге қажетті заттарын жеткізіп, ыстық тамақтармен қамтып, карантин уақытында тұрмыстық қиыншылықтарға ұшыраған отбасыларға көмек көрсеткен қоғам белсенділері, еріктілер мен жастар нағыз жанашыр екендіктерін көрсете білді», - деген Сәкен Қалқаманов алдағы уақытта да жұмыла әрекет етуге шақырды.