ТҮРКІСТАН: Кірістер департаменті электронды түрде 1 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен

0
749

Telegram әлеуметтік желісінен Salyq Bot чат-ботын ашып, ЖСН және телефон нөміріңізді енгізе отырып, тіркелген соң кез келген сұрағыңызға жауап аласыздар.


ТҮРКІСТАН: Кірістер департаменті электронды түрде 1 миллионнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен

Түркістан облысындағы кірістер департаментінде электронды түрде 1 млн-нан аса мемлекеттік қызмет көрсетілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызмет басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова айтты.


«Қазіргі таңда қоғам дамуының барлық саласында мемлекеттік қызмет жүйесін электронды форматта жетілдіру және оған азаматтардың еркін қолжетімділігін қамтамасыз етудің тиімділігі артып келеді. Департаментте биылғы 1 жартыжылдықта барлығы 1 363 673 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 1 363 477-і электронды түрде, ал 196-ы пошта қызметі арқылы жүзеге асты. Сондай-ақ, салық және кеден саласында көрсетілген қызметтер бойынша салық есептілігі нысандарын қабылдау – 524 243, жеке тұлғалардың банкроттығы – 7 214, көлік құралдарының кедендік декларациясы – 437 323, транзиттік декларацияны қабылдау 75 432 болды», - деді Сәуле Әбдіәшімқызы.


Брифинг барысында спикер қазіргі таңда жеке және заңды тұлғаларға, кәсіпкерлерге «E-salyq Azamat», «E-salyq Business», «Egov mobile» мобильді қосымшалары, ҚР ҚМ МКК kgd.gov.kz сайтынан «Салық төлеушінің кабинеті», «Esalyk.kz» МКК Порталы, «Egov.kz» және ҚР ҚМ МКК мәселелері бойынша кеңес беруге арналған Telegram әлеуметтік желісінен Salyq Bot чат-боты 24 сағат бойы жұмыс істейтіндігін атап өтті. Онда Мемлекеттік кірістер комитетінде көрсетілетін қызметтердің цифрлық өнімдері туралы хабардар етеді. Декларацияны ұсыну, салықтар мен бюджетке міндетті төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімдері туралы ақпарат беріледі.


Telegram әлеуметтік желісінен Salyq Bot чат-ботын ашып, ЖСН және телефон нөміріңізді енгізе отырып, тіркелген соң кез келген сұрағыңызға жауап аласыздар.


Спикердің сөзінше, өңірдегі салық төлеушілерге қызмет көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Бүгінде салық төлеушілермен Мемлекеттік кірістер басқармалары арасындағы байланыс 99% электрондық тәртіпке көшкен. Бұл дегеніміз қызмет көрсету орталықтары салық төлеушілердің уақытын үнемдеп, сапалы қызмет алуларын қамтамасыз етеді. Өйткені, қызмет көрсету электронды кезек арқылы жүзеге асырылып келеді.


Сонымен қатар, Орталықта салық төлеушілердің өз бетінше өтініштер мен салық есептерін жіберуге арналған терминал іске қосылған. Салық төлеушілер терминалды пайдаланып, салық есептілігі нысандарын тапсыра алады.


Брифинг барысында Сәуле Әбдіәшімқызы дара кәсіпкерлікті қалай тіркеуге болатындығына да тоқталды.


«Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына хабарлама жібереді. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою хабарлама жіберу тәртібіне ауыстырылған және ол тегін. Дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама электрондық түрде ұсынылады. Яғни, оны ҚР e-license электрондық лицензиялау порталы арқылы ала алады. Сондай-ақ, екінші деңгейдегі банктердің және «E-Salyq business» мобильді қосымшалары арқылы да жүзеге асады. Дара кәсіпкер өз атынан кәсіпкерлікпен айналысады. Құқықтар мен міндеттерді иеленеді және жүзеге асырады. Жеке тұлға кәсіпкерлік қызметіне байланысты мәмілелерді жасаған кезде өзінің дара кәсіпкер ретінде әрекет ететінін көрсетуге тиіс», - деді спикер.


Сонымен қатар, дара кәсіпкерге патент негізінде арнаулы салық режимі қарастырылған. Патент негізінде АСР-ды дара кәсіпкерлер қолданады. Яғни, жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланбайтын, сондай-ақ, бір жылдағы шекті табыс 3 528 АЕК-тен аспайды. Олар жылына 1 рет 911 форма СЕН (салық есептілік нысаны) тапсырады. Патентке негізделген АСР үшін жеке табыс салығы кірістің 1% құрайды.


Ал оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі бойынша бір кезеңдегі қызметкерлердің орташа тізімдік саны 30 адамға дейін және кезең ішіндегі кіріс 24 038 АЕК-тен аспайды. Бұл салық режимін қолданушылар жылына 2 рет 910 форма СЕН тапсырады. 1 жартыжылдыққа СЕН тапсыру уақыты 15 тамызға дейін, ал 2 жартыжылдыққа келесі жылдың 15 ақпанына дейін белгіленген. Жеңілдетілген декларация бойынша салық кірістің 3% құрайды.