ТҮРКІСТАН: ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті

0
1 693

Қоғамдық келісім кеңесінің құрамын жасақтау мәселелері қозғалды.


ТҮРКІСТАН: ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті

Бүгін Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Басқосуда облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің 2021 жылы атқарылған жұмыстары сараланып, Қоғамдық келісім кеңесінің Ережесін бекіту, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын талқылау және Қоғамдық келісім кеңесінің құрамын жасақтау мәселелері қозғалды.


Келелі жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшылығы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.


Жиында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев өңіріміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралардың маңыздылығын тілге тиек етіп, қоғамдағы татулық пен бірлікті одан әрі нығайту қажеттігіне тоқталды.


"Қазіргі таңда Түркістан облысында түрлі деңгейдегі 191 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Биыл Қоғамдық келісім кеңестерінде 24 мәселе қаралып, оның 20-сы шешімін тапты, 4 мәселенің шешу жолдары қарастырылуда. Бұл бағыттағы тиісті жұмыстар ары қарай жалғасады", – деді Аңсар Жаңабайұлы.


Сондай-ақ, Түркістан облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов алдағы уақытта Елбасының мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде жергілікті кәсіпкерлер мен елге сыйлы қарияларды, жомарт жандарды игі істерге жұмылдыруды жандандыру керектігін, ортақ мақсаттағы бұл шараға баршамыздың белсенді атсалысуымыз қажеттігін жеткізді.


Жиында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының жаңа орынбасары таңдалып, бұл жауапты қызметке «Чернобыль ардагерлері және мүгедектері» республикалық қоғамдық бірлестіктігі үйлестіру кеңесінің төрағасы Бақытжан Әшірбаев бірауыздан сайланды.


Отырыс барысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қоғамдық келісім мен бірлікті, татулық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуде нәтижелі еңбектеніп жүрген бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.