ТҮРКІСТАН: Көмір тиелген вагондар өңірге тұрақты түрде келіп жатыр

0
789

Жылыту маусымына 1 млн. 21,3 мың тонна көмір қажет


ТҮРКІСТАН: Көмір тиелген вагондар өңірге тұрақты түрде келіп жатыр

Түркістан облысында жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің жалпы көлемі - 1 млн 21,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік ұйымдарға – 140,2 мың тонна; жылу беретін кәсіпорындарға – 129,7 мың тонна; жеке тұрғындарға - 468,5 мың тонна; жылыжайларға – 282,9 мың тонна. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ-ң мәліметі бойынша, осы жылдың 1 мамыр-14 тамыз аралығында облысқа 178 мың тонна көмір жеткізілген. Көмір вагондары аймаққа тұрақты түрде келуде.


Өңірлік операторлардың ақпаратына сәйкес, қазір сақтау қоймаларында 134,3 мың тонна көмір қоры бар. Бүгінгі таңда Шұбаркөл көмірінің орта бағасы сортына (фракциясы) қарай тоннасы – 15-20 мың теңге аралығында. Ал алшақ елді мекендерді жеткізу құнымен есептегенде көмір бағасына тоннасына 18-24 мың теңгеге дейін барады.


Коммуналдық-тұрмыстық көмір тасымалдаумен облыста 16 өңірлік оператор айналысады. Өңірлік операторлар аудан, қала әкімдіктерімен анықталған. Ескерте кететіні, баға арзан әрі қажеттілік аз кезде алдын ала қамданып көмірді алып алған жөн. Себебі, күз-қыс айларында көмірге қажеттілік күрт өсіп, алып-сатарлар бағаны шарықтатып жіберуі мүмкін.