Елордадан келген қонақтарды қарсы алған әкім қаладағы жастар ұйымдары, патриоттық клубтар мен үйірмелер жұмысының оңды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Түркістан облысындағы жұмысын Кентауда қорытындылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық десанты Түркістан облысында «Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» акциясы аясындағы іс-шараларын өткізді. Қорытынды кездесу Кентауда ұйымдастырылды.
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарының басшылығымен тығыз байланыста өтті. Акцияға орта мектептердің, колледждердің және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының оқушылары қатысты. Кентауға келген астаналық офицерлер қала әкімі Жандос Тасовпен кездесу өткізді. Елордадан келген қонақтарды қарсы алған әкім қаладағы жастар ұйымдары, патриоттық клубтар мен үйірмелер жұмысының оңды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Қала әкімі өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жаңа технологияларды меңгеріп, отансүйгіштік сезімін оятуға мән беру керектігін, әскери-патриоттық үйірмелерде алған білімнің қай салада болмасын пайдасы тиетінін жеткізді.
Одан кейін Әлия Молдағұлова атындағы №19 және Ю.Гагарин атындағы №16 орта мектептерінің 9-11-сынып оқушыларымен «Патриотизм – Қазақстанның өркендеуінің негізі» тақырыбында ерлік сабағы форматында кездесулер ұйымдастырылды. Қонақтар әскери қызметке шақыру тәртібі мен әскери оқу орындарына қабылдау талаптары туралы айтты. Сарбаздардың мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін алатын жеңілдіктеріне ерекше назар аударылды.
Мектеп оқушылары қонақтардың мазмұнды да тартымды сөздерін ерекше ықыласпен тыңдап, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя білді.
«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев жігіттердің күш-қуаты, жігері, шығармашылық әлеуеті зор екенін, оларды өмірдің басты мақсатына жетуге бағыттау керектігін атап өтті.
Шәмші Қалдаяқов атындағы қалалық мәдениет сарайында Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаhарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100-жылдығына арналған «Халық жүрегіндегі батыр» атты іс-шара ұйымдастырылды. Шара Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концертпен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады.