ТҮРКІСТАН: Қоршаған ортаны қорғау бойынша мобильді топтар құрылады

0
407

Тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын атқарады.


ТҮРКІСТАН: Қоршаған ортаны қорғау бойынша мобильді топтар құрылады

Түркістан облысында тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары бойынша мобильді топтар құрылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде абаттандыру, тазалық, көгалдандыру жұмыстары сараланып, мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырды.


«Тазалық, көгалдандыру, абаттандыру мәселесін тұрақты талқылап келе жатырмыз. Жүйелі мәселе бар. Әкімі қандай болса, ауданы сондай болады. Жаңа жоспар, мәселенің шешімін ұсыныңыздар. Әр аудан, қалада осы мәселелерге қатысты мобильді топтар құрылып, жұмыс күшейтілсін. Екіншіден, облыстағы мыңнан астам мектеп, ауруханалар, мәдениет, спорт мекемелерінің өкілдері өз аулаларына ағаш егіп, абаттандыруды, тазалықты бақылауда ұстасын. Заманауи тұқымбақ ашып, халықты ағаш егуге ынталандырған жөн», – деді Дархан Сатыбалды.


Жиында Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұркен Аралбеков барлық аудан, қаланы зерделеу қорытындысымен таныстырды. Кемшіліктер бойынша мәліметтер аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына ұсынылып, жұмыстар бақылауға алынды.


Айта кетейік, облыс әкімі аудан, қаланы, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбеттерін және қоршауларын ретке келтіру бойынша тапсырма берген болатын. Аталған тапсырмаларды уақытында орындамай кемшіліктерге жол берген осы салаларға жауапты тұлғаларына тәртіптік шара көру бойынша ұсыныс беріліп, жалпы 93 шара көрілген. Абаттандыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасады.