Төлеби бабаның 360 жылдығына арналды.
Төлеби ауданында облыстық «Көшпенділер ойыны» өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Төлеби ауданында облыстық «Көшпенділер ойыны» өтті. Дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылған дода бұл жолы Төлеби бабаның 360 жылдығына арналды.
Көшпенділер сайысын облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев салтанатты түрде ашық деп жариялап, Төле би бабамыздың 360 жылдығымен құттықтап, қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Көшпенділер ойынында» садақ ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, ләңгі тебу және арқан тартыс секілді қазақтың ұлттық ойындарының 7 түрінен облыс аумағындағы аудан, қаладан 16 команда бәсекеге түсіп, өз ауданының намысын қорғады.
Тартысқа толы сайыс нәтижесінде командалық есеп бойынша 1-ші орынды Сарыағаш ауданының спортшылары қанжығаласа, 2-ші орын Бәйдібек ауданының жастарына бұйырды. Ал 3-ші орынды Төлеби ауданының қатысушылары місе тұтты. 1-орынға – 300 мың теңге, 2-ші орынға – 200 мың теңге, 3-ші орынға – 150 мың теңге қаржылай сыйақылар, кубоктар мен дипломдар табысталды. Сондай-ақ қатысқан әрбір командаға 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Айта кетсек, ұйымдастырушылар «Көшпенділер ойыны» жалғасын табатынын жеткізді. Сонымен қатар келесі жылы жүлде қорын арттыру жоспарланғанын атап өтті.