ТҮРКІСТАН: ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауруханалардың жұмысымен танысты

0
1 220

Ордабасы аудандық аурухананың жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті.


ТҮРКІСТАН: ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауруханалардың жұмысымен танысты

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан облысындағы бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев алдымен Ордабасы аудандық аурухананың жұмысымен танысып, ұжымымен кездесті. Министр тіпті жаңа босанған әйелді дүниеге сәби әкелуімен құттықтап, көмек қажет болса өтінішті қысылмай жеткізуін сұрады.

Жалпы, аурухананың жұмысына оң бағасын берген Елжан Амантайұлы «Ауылға дипломмен» бағдарламасы аясында жұмысқа тартылған жас дәрігерлердің де жағдайымен танысты. Түркістан облысы, Ордабасы аудандық бұл ауруханаға Қарағанды, Астана, Шымкент және Түркістаннан 15 жас дәрігер жұмысқа орналасқан. Ауылдағы медицинаны көтеруге еңбектенуге бел буған жас ақ халаттылар жәрдемақыларын алып, жұмыстарының ойдағыдай жүзеге асып жатқандығын жеткізді.

Министр өз кезегінде аталған ауруханаға науқастың сырқатын бекітетін «Триаж» жүйесімен қамтуға көмек көрсетілетіндігін айтты.

«Ең бастысы дәрігерлік борышымызды ақтап, халыққа жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуіміз қажет»,- деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министр жұмыс сапары барысында тарихи маңызы орасан Отырар жеріне де ат басын бұрды. Медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылай келе, Министр аудандық аурухананы аралап, жұмысымен танысты. Жергілікті аурухана аудандағы жалпы елу мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Аурухана соңғы заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп, 100 пайыз цифрландыру жүйесіне көшкен. Цифрландыру саласын одан әрі жетілдіру, жұмыс жасауға оңтайластыру мақсатында 190 моноблок сатып алынып, қазіргі таңда барлық ауылды жерлердегі медициналық қызметкерлерге пайдалануға берілген. Науқастар “Даму Мед” мобильді қосымшасы арқылы дәрігерге электронды түрде, үйден шықпай-ақ кезекке қойылады. Және, керекті мәлімет аудандық аурухана ғана емес, еліміздегі барлық клиникалардың базасында сақтаулы тұрады.

Сонымен қатар аудандык аурухана лабораториясы да орталықтандырылған. Барлық лабораториялық сараптамалар автоматтандырылған аппараттарда жасалады, бұл өз кезегінде тексерудің сапасын арттырып, қате нәтиже беруді болдырмайды. Елжан Біртанов ауданда Елбасымыздың тапсырмасына сай, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру ісінің жүзеге асып жатқандығын құп көрді. Жергілікті ауруханада “Karl Stors-Endoskope” видеолапараскоп аппараты да қойылған. Замануи құрал-жабдық отадан кейін тез сауығуға мүмкіндік береді. Бұл аудандағы медициналық көмектің сапасын және қол жетімділігін арттырып отыр. Ауруханада сонымен қатар емделушіні қолдау және ішкі аудит қызметтері ұйымдастырылып, арнайы сенім телефоны құрылған. Жергілікті дәрігерлер шет мемлекеттерде де біліктілік арттырып келеді.

Қазіргі таңда Отырар аудандық ауруханада 800-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Патронаждық қызметтің универсалды – прогрессивті моделін қолдану арқасында бала өлімі төмендеген. Министр Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың асқан жауапкершілігі мен атқарып жатқан тындырымды еңбегін атап өтті. Елжан Біртанов Түркістандағы №3-ші облыстық перинаталдық орталықтың қосымша құрылыс ғимаратында да болды. Құрылыс жұмысы осыдан дәл бір жыл бұрын басталған ғимарат барлық талапқа сай салынған. 150 орынға есептелген нысанда босанған әйелдер жайғастырылатын болады. Пайдалануға желтоқсан айында берілуі тиіс. Дәрігерлер саны да жеткілікті. Жаңа ғимараттың іске қосылуы өте маңызды шаруа болмақ.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құрылыстың жұмыс сапасына аса көңіл бөле отырып, Түркістан облыстық №3-ші перинаталдық орталықтың қызметкерлеріне ешқандай кемшілікке жол бермеуді тапсырды. Ана мен бала денсаулығына аса көңіл бөліп, дәрігерлік қызметте аянбай еңбек ету керектігін баса айтты. Аймақта биыл 41 мыннан астам сәби дүниеге келген. Бала туу көрсеткіші бойынша ылғи көш бастап келе жатқан Түркістан облысында қуантарлығы ана мен бала өлімі де былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген.