ТҮРКІСТАН: ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақтааралға келді

0
1 300

Мәжіліс депутаты әрбір тиынның есебі болу керектігін айтты.


ТҮРКІСТАН: ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мақтааралға келді

Түркістан облысы Мақтаарал ауанына келген Мәжіліс депутатымен кездесу барысында ауыз су, жол, әлеуметтік көмек сынды бірқатар мәселелер айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Парламент мәжілісінің депутаты Құдайберген Ержан Мақтааралға жасаған іс-сапары барысында Атакент кентінде жаңадан бой көтеріп жатқан емханада болып, ондағы құрылыс жұмыстарымен танысып, жұмысшылармен тілдесті. Өзара әңгіме барысында елдегі болып жатқан жаңалықтар мен парламент қабырғасында денсаулық сақтау саласына тоқталып, ана мен бала өлімінің алдын алу, болдырмау мақсатында қолға алынып жатқан жобалардың барысымен таныстырды.

Сондай-ақ, депутат жер-жерлерде жүргізіліп жатқан құрылыс сапасын бақылауды күшейту қажеттігін айтты.

«Елдің игілігіне қызмет ететін осындай заманауи емхана-ауруханалар, мектептер салынып жатқанда мемлекеттен қаралып жатқан қыруар қаржы есепсіз, мақсатсыз жұмсалмауы керек. Әрбір тиынның есебі болуы керек. Құрылыс сапасына да баса назар аударған жөн. Өйткені, сіздер мен біздер тұрғызған ғимараттарды бізден кейінгі ұрпақтарымыз да пайдалана алатындай болсын», - деген мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан құрылысқа мүмкіндігінше отандық өнімдерді пайдалануды ұсынды. Өйткені депутат қазақстандық өнімді пайдалану – бірінші кезекте отандық өндіріске қолдау білдіру болса, екіншіден, құрылыс сапасының кепілдігіне де көңіл тоқ болады деген пікірде.

Сонымен қатар, халық қалаулысы мақтааралдықтар тарапынан ауыз су, жол, әлеуметтік жәрдемақы сынды өзекті мәселелер бойынша айтылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, 2018-жылдың маусым айында басталған 250 адамды қабылдауға есептелген емхана мен жедел жәрдем станциясының құрылыс жұмыстары 2020-жылдың қарашасында толық аяқталып, қолданысқа беріледі.