Жиында полицейлерге ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы баяндайтын "Елбасы жолы" деректі фильмі көрсетілді.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай Түркістан облысының 100-ге жуық полицейі марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиында полицейлерге ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы баяндайтын "Елбасы жолы" деректі фильмі көрсетілді.
Түркістан облысы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков атап өткендей, Тұңғыш Президентіміздің дана саясатының, оның стратегиялық көзқарасы мен жасампаздық күшінің арқасында елімізде қазақстандықтардың бірлігін, тыныштығын және ұлтаралық келісімді нығайтуды қамтамасыз еткен ауқымды реформалар жүзеге асырылды.
Бұдан әрі мереке құрметіне ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен көп жылғы мінсіз қызметі және қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін 12 полицей марапатталса, екі офицерге арнайы атақ берілді. Оған қоса Полиция департаменті бастығының алғыс хатына 73 тәртіп сақшысы ие болды. Ал, 11 қызметкердің тәртіптік шарасы мерзімінен бұрын алынды.
Іс-шара аяқталғаннан кейін Түркістан облысы ПД-нің полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша өздерінің жұмыстарын жасауға кірісіп кетті.