Рухани-мәдени байланыс беки түскенін атап өтті.
Түркістанда Түркияның Ұлы Ұлттық мәжілісінің төрағасымен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуштың қатысуымен «ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің орны» тақырыбында кездесу өтті.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан мен Түркия арасында берік қатынас орнап, ортақ құндылықтарымыз тереңдеп, рухани-мәдени байланысымыз беки түскенін атап өтті.
«Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіңізді арнайы қабылдап, екі елдің стратегиялық серіктестігін арттыру бағытындағы жоспарлар пысықталды. Әсіресе, Түркістан шаһарын көне келбетін сақтай отырып, жаңа бағытта дамытуда Түркияның қосқан үлесі зор. Түркістан қаласы тек Қазақстан үшін емес, күллі Түркі әлемі үшін тарихи және географиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие» - деген облыс әкімі Қазақстан, оның ішінде Түркістан облысы мен Түркияның жүзеге асқан ортақ жобалары туралы кеңінен баяндады.
Ал, қадірменді қонақ, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы, профессор, доктор Нуман Куртулмуш өз тілегін жеткізіп, екі ел арасындағы бауырластық жайлы баяндады.
Алқалы жиын соңында Нуман Куртулмушқа Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова университет атынан сый-сияпаттар табыстап, иығына шапан жауып қонақжайлықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ дәстүр бойынша құрметті қонақтар Ахмет Ясауи университетінің жасыл алаңына көшет отырғызды.