ТҮРКІСТАН: Құс фабрикасының мәселелері шешімін тауып жатыр

0
521

Мәселе Кеңестің кезекті отырысына қайта қаралады.


ТҮРКІСТАН: Құс фабрикасының мәселелері шешімін тауып жатыр

Түркістан кәсіпкерлер палатасы кеңес отырысында құс фабрикасының мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан кәсіпкерлер палатасы кеңес отырысында көтерген мәселенің бірі - кәсіпкерлер А.Абдугаппаров пен Б.Тойметовтың Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылдық округінің аумағында орналасқан құс фабрикасының іске қосылуы болатын. Кәсіпкер жоспарланған кәсібін ашу үшін жер телімін алып, фабриканың құрылысына «Яссы-Несие» НС» ЖШС-нен қаржы қарастырған. Жергілікті атқарушы органнан фабриканың жолдарын реттеу үшін 8 млн. теңге қаржы бөлініп, 2020 жылы аяқталған.


Сонымен қатар, объектілерге электр жарығын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 2 280,0 мың теңге қаржы бөлінеді. Кентау қаласы әкімінің орынбасары мәслихат жиылысында инфрақұрылым мен электр жарығы 2021 жылдың қыркүйек айына дейін толыққанды бітетінін хабарлаған. Алайда, Палата қызметкерлерімен кәсіпкерлік объектінің орналасқан жері бойынша қарау жүргізіліп, нәтижесінде объекті Қарнақ ауылының елді мекен шегінен шамамен 500 метр қашықтықта орналасқаны, объектіге баратын тас жол салынғаны, электр бағаналары орналасқаны және объектіге шамамен 1,5-2 шақырым жерде ауыл әкімдігімен хабарланған 100 кВт трансформатор орнатылғаны, алайда аталған электр жүйелері кәсіпкерлік объектіге қосылмағаны анықталды.


Ісінің алға жылжуына кері әсерін тигізіп отырған бұл мәселені кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста шешуді сұрап келген кәсіпкер шешімді ертерек шығаруды сұрап отыр. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Кеңесінің төрағасы атқарушы органға әлеуметтік тауар шығаратын кәсіпкерлік объектіге инфрақұрылым, оның ішінде электр жарығына қосу жұмыстарын жеделдету тапсырмасын берді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШК-і жұмысты өз қадағалауына алып, шешіп беруге уәде етті.



Осыған байланысты Кеңес хатшылығы жоғарыда аталған толыққанды жұмыс істеп, жергілікті халықты отандық, әлеуметтік тауармен қамтамасыз етуге қауқары жететін, әлеуметтік маңызға ие бизнес объектісінің мәселесін Кеңестің кезекті отырысына қайта ұсынуды қажет деп тапты.