24944 құсқа вакцина егу жұмыстары жасалған.
Мақтаарал ауданында құс тұмауына қарсы вакцина егу жұмыстары басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 9-қазандағы жағдай бойынша аудандық "Ветеринариялық қызметі" тарапынан 24944 құсқа вакцина егу жұмыстары жасалған. Оның ішінде 17730 тауық, 860 үйрек, 547 қаз және 5807 үндік бар.
Жалпы ауданда 65199 құс тіркелген болса, қазіргі таңда мемлекет тарапынан 25600 құсқа вакцина бөлінген. Құстарды вакцинациялау және қора-жайларды дезинфекциялау бағытындағы жұмыстар өңірде үлкен қарқынмен жүргізілуде.
«Бізде құс тұмауының жағдайы бақылауға алынған. Қазіргі уақытта жеке аулаларда құс тұмауына қарсы вакцинациялау жұмыстарын жасап жатырмыз. Жалпы бұл аурудың соңғы өршуі Қазақстанда 2005 жылы тіркелген болатын. Бүгінгі күні дүкендердің сөрелерінде ұсынылған құс фабрикаларының өнімдері ветеринариялық тексеруден өтеді және тиісті сертификат болған жағдайда тамаққа қолдану үшін мүлдем қауіпсіз болып табылады"- деді аудандық "Ветеринариялық қызметі" МКК директоры О.Нурашов.
Жалпы құс тұмауы Мақтаарал ауданында тіркелген жоқ. Дегенмен, қауіпсіздік шаралары ешқашан артықтық етпейтінін мамандар атап өтті.
Айта кетейік, әдетте құс тұмауының вирустары құстан адамға берілмейді. Дегенмен, кейбір жоғары патогенді штамдар адамдарда ауыр тыныс алу ауруын тудыруы мүмкін. Бұл ретте құс етін және одан жасалған өнімдерді тамаққа қолдану тиісті гигиена және тамақ дайындау ережелерін сақтаған кезде қауіпсіз болып табылады.