ТҮРКІСТАН: «Қызмет орталығы» мен Ұлттық ұланның ғимараты ашылды

0
464

Бір мезетте 50 адамға қызмет көрсете алатын орталықта мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағыларға да жағдай жасалған.


ТҮРКІСТАН: «Қызмет орталығы» мен Ұлттық ұланның ғимараты ашылды

Түркістанда полицияның «Қызмет орталығы» мен Ұлттық ұланның ғимараты ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының орталығы жаңа ғимараттармен толықты. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысының полиция департаментінде болып, «қызмет орталығының» ашылу салтанатына қатысты.


Түркістан облысы ПД бастығы Мұрат Қабденов екі қабаттан тұратын ғимаратты толығымен таныстырып шықты.


«Мұнда анықтама бөлімі, күту залы мен полицияның қызмет көрсету орындары бар. Күту залында отырып келушілердің теледидар қарауына, газет- журнал оқуына және ыстық кофе, сусын ішуіне мүмкіндік бар. Сондай-ақ бейнебақылау камераларымен, интернетпен, заманауи құрал-жабдықтармен және кеңсе жиһаздарымен жабдықталған. Орталық тұрғындарға түрлі бағытта қызмет көрсетіп, халықтың полицияға қатысты сұрақтары жедел қаралатын болады», - деп атап өтті генерал.


Бір мезетте 50 адамға қызмет көрсете алатын орталықта


мүмкіндігі шектеулі жандар мен егде жастағыларға да жағдай жасалған. Олар екінші қабаттағы мамандарға көтерілмей, бірінші қабаттағы арнайы бөлмеден бірден қызметін алуына болады. Онда 10-нан астам полиция қызметкері, яғни көші-қон, әкімшілік, жергілікті полиция салалары мен басқа да мамандар қызметтерді ұйымдастырумен қатар кеңестер де береді.


Орталықтың материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен танысып, қызметтік бөлмелерді қарап шыққан Еркін Ботақанов өзінің оң бағасын беріп, мұндай орталық ашудағы мақсат – халыққа сапалы қызмет көрсету, азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру, облыс тұрғындары мен қонақтарына сауатты консультациялық көмек көрсету екендігін атап айтты.


Осы күні Түркістандағы Ұлттық ұланның ғимаратының да ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімі Ішкі істер министрлігі өкілдері мен әскерилерді құттықтады.


«Қылмысқа қарсы күресуде және алдын алу барысында полиция қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсету – маңызды мәселе. Былтыр облыс орталығында Полиция депертаментінің және Жедел басқару орталығының ғимараттары пайдалануға берілді. Ал бүгін ашылған Ұлттық ұлан ғимаратында асхана, дене шынықтыру залы, казарма, қару-жарақ қоймасы, дәрігерлік пункт, тирмен қамтамасыз етілген. Ғимаратта сарбаздарға тиісті жағдай жасалған. Осы жылы Полиция қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 19,3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы тәртіп сақшылары 30 жеңіл автокөлікпен қамтылды. Облыс әкімдігі сіздерге тұрақты қолдау көрсетеді. Жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!», – деді Дархан Сатыбалды.


Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов қоғамдық тәртіпті, ел тыныштығын сақтау маңызды екеніне тоқталып, әскери бөлімшенің жұмысына сәттілік тіледі.


Айта кетейік, аталған нысанға тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы. 2021 жылы басталған жұмыстар 2023 жылы қазанда аяқталған. Мұнда Ұлттық ұланның №6506 әскери бөлімінің арнайы мақсаттағы 3-жедел батальонының жеке құрамы орналасқан. Олар Түркістан облысының тәртіп сақшыларымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға үлес қосып келеді.