ТҮРКІСТАН: Мақта шаруашылығы бойынша штаб шаруалармен кездесті

0
1 259

Шаруаларға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берілді.


ТҮРКІСТАН: Мақта шаруашылығы бойынша штаб шаруалармен кездесті

Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Шардара ауданындағы шаруалармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбішов Шардара ауданындағы Достық, Ақалтын ауылдарында мақта мәселесі бойынша шаруалармен кездесті. Жиынға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ауыл әкімдері мен тиісті мекеме басшылары қатысты. Басқосуда мақта жиын-теріміне байланысты мақташылардың мәселесі айтылды. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпарат берілді.


"Мақташылардың мәселесі бойынша алдарыңызға арнайы келіп отырмыз. Қазіргі таңда Шардара ауданынан жүгері зауыт салынуда. Алдағы уақытта өңірде жеңіл өнеркәсіп дамып, ауыспалы егіс жүйесі қолға алынатын болады. Сондықтан да егістікті әртараптандыру керек. Жұмысшы топтың мақсаты - мақта саласындағы мәселелерді бірлесіп шешу",- деді облыстық мәслихат төрағасы.


Жалпы Достық ауылында екі мақта қабылдау пункті бар. Шаруа қожалықтарының саны - 305. Ауылда егістік жер көлемі- 5 406 гектар болса, оның ішінде 576 гектар жерге мақта егілген. Ал, Ақалтын ауылында егістік жер көлемі 7 мың гектардан аса, оның 1 000 гектарына ғана мақта егілген. Айта кетейік, аудан бойынша мақта қабылдау пунктеріндегі 38 дана таразы мен 19 зертхана толықтай тексеруден өтті.


Жиынға қатысқан шаруалар облыстық штаб мүшелеріне өз ойларын айтып, сұрақтарын қойды. Барлық сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, мақта жиын-терімі аяқталғанша шаруалардың мәселесі штаб бақылауында болатыны айтылды.


Кездесуден кейін, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Ауыл халқы жылдар бойы шешімін таппаған жер, канал мәселесі туралы шағым білдірді. Барлық ұсыныс-тілектер назарға алынып, орындалуы бойынша тиісті мерзім бекітілді.