Аудан әкімдігінің аппарат мәжілісінде аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев аудандағы білім ошақтарының 2019-2020 оқу жылына дайындық барысы туралы баяндама жасады.
Білім бөлімі басшысының айтуынша аудандағы мектептердің тең жартысына жуығының жылу қазандықтары жылыту маусымына дайын емес деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Ауданның бірінші ұстазының мәліметіне сүйенсек аудандағы білім беру ұйымдарының жылу қазандықтарына, жылу жүйелеріне шаю, тазалау, гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары толық жүргізілген. Гидравликалық сынақ барысында 28 мектептің жылу жүйелерінен ақаулар анықталып, ақау актілері түзілген.Анықталған кемшіліктерді жою үшін сметалық құжаттар дайындалып,аудандық бюджеттен 5 млн. 747 мың теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде екен.
Мұнан да басқа 74 млн. теңгені құрайтын жалпы қажеттілігі 6240 тонна қатты отынға конкурс өткізіліп, бүгінде жеңімпаз компания қатты отынның 4020 тоннасын білім ошақтарына жеткізіп берген. Қалған бөлігі тамыздың соңына дейін жеткізіліп беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындау мақсатында білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 9 млн. 906 мың теңге қаралса, оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толық қамту үшін жергілікті бюджеттен 268 млн. 840 мың теңге қаржы бөлінген. Оқулықтарды қайта басып шығару кестесіне сәйкес, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 11 баспамен 130 091 оқулыққа келісім-шарттар түзілген және соның 52,5 пайызы тасымалданып үлгерген.