ТҮРКІСТАН: Мақтааралда өзекті мәселелер талқыланады

0
563

Кемшіліктерді анықтау үшін арнайы жұмысшы топ бекітілді.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда өзекті мәселелер талқыланады

Мақтааралдағы өзекті мәселелер "Парасат" пікірталас клубында талқыланады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданында "Парасат" клубы ашылды. Жаңадан ашылған пікірталас алаңында жергілікті халықтың ұсыныстарына қарай өңір басшылары мен тұрғындар тұрақты түрде ашық диалог жүргізіп, ең өзекті проблемаларды талқылап, түсіндіру мен шешу жолдарын қарастырды. Аудан әкімінің өзі басшылық жасаған жиынға ауданның ардагерлері, әкімдер мен бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдардың басшылары, орта буын өкілдері мен жастар, журналистер мен белсенді блогерлер қатысты.


«Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауы мен "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасымен ұштасады. "Парасат" алаңында ауданымыздағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, шешу жолдарын қарастыратын боламыз», – деді аудан әкімі Бақыт Асанов.


Сондай-ақ, жиында "Nur Otan" партиясының Мақтаарал аудандық филиалының бірінші орынбасары Досым Асабаев клубтың мақсаты мен міндеті, оның құрамы, басшылық жасау тәртібі, жалпы клубтың ұйымдастыру жұмыстары жөнінде кеңінен баяндады. Сондай-ақ клубтың кезекті отырысына бірнеше мәселелі тақырыптар ұсынылды. Осылайша жиынға қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер тыңдалды.

Басқосу нәтижесінде клубтың хатшысы бекітіліп, құрамы нақтыланды. Сонымен қатар алдағы 1-наурыз күні өтетін жиынға аудандағы әлеуметтік саладағы мәселелерді талқылау келісіліп, кемшіліктерді анықтау үшін арнайы мамандар мен қоғам белсенділерінен, блогерлерден тұратын жұмысшы топ бекітілді.