ТҮРКІСТАН: Мақтааралда рәміздер күні аталып өтті

0
2 076

Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 28 жыл. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 27 жыл.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда рәміздер күні аталып өтті

Аудан жастарының мерекелік авто шеруімен басталған шара аудан орталығындағы “Ақ Алтын” аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты концертке ұласты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 27 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш.
4-маусым мемлекеттік рәміздер күнін Мақтааралдық жұртшылық ескерусіз қалдырмады. Аудан жастарының ұйымдастыруымен Атакент кентінен бастау алған авто шеру Мырзакент кентіндегі концерттік бағдарламаға ұласты.
Мақтааралдық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынып, патриоттық әндер шырқалды.
“Баршаңызды бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл біздің елдігіміздің, егемендігіміздің белгісі. Осы бізге рухани күш-қуат беретін, қастерлейтін ұлы рәміздер болып есептеледі. Бабаларымыз осы тәуелсіздікті, осы күнді аңсаған. Сондықтан біздер бақыттымыз, ХХІ ғасырда Қазақстан өзін бүкіл әлемге танытқан үлкен іргелі тұрақтылықтың мекеніне, татулықтың бесігіне айналды” деді аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова.
Іс-шара барысында ел ағалары да жұртшылықты айтулы мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік рәміздеріміздің маңызы мен қасиеттері жайында жастарға кеңінен мағлұмат берді. Қай заманда болмасын елдің елдігі мен ерлігінің айғағы, бірлігі мен ынтымағының бастауы болған құндылықтарымызды қастерлеуге шақырды.