Түркістан: Мақтааралдықтар үй іргелік жерден миллиондап пайда тауып жатыр

0
666

Өнімдерін Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына, тіпті Ресейге сатқан.


Түркістан: Мақтааралдықтар үй іргелік жерден миллиондап пайда тауып жатыр

Мақтааралдық тұрғындар үй іргелік жерлерінен 2-3 миллион теңге көлемінде пайда тапқан, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мақтаарал ауданы А.Қалыбеков ауылдық округінің еңбекқор тұрғындары өздері тұратын үйлерінің іргесіндегі жерлерге қызылша тұқымын егуді бастады. Қысқы ауа-райына қарамастан тынбай еңбек ететін диқандар бұл кәсіптен әрбір үй кемі 2-3 миллион теңге пайда табатын көрінеді.


Ауылдық округ әкімі Молдабек Битеміров ауыл тұрғындары қызылшаның павло, боро, водан F1 атты тұқымдарын шетелден алдыртып, отбасылық бизнес ретінде үй іргелік жерлеріне егіп жатқанын айтты. Ал, ауыл ақсақалы Қалмұхамед Жәлелов болса жоғарыда аталған сорттар дәл осы Жаңажол ауылының топырағында өсіп шыққанда ғана ерекше дәмге ие болатынын, сондықтан мұнда қызылшаға жоғары сұраныс бар екенін жеткізді.


Қазіргі таңда диқандар 25 гектарға тұқым сеуіп үлгерген. Сондай-ақ, егілген тұқымның үсті жапқышпен жауып, қыстың қатты ауа-райынан қорғалады. 2 жарым айдан кейін өнім бере бастайтын көкөністің бұл түрінен гектарына 25-30 тонна өнім алуға болады екен. Сондай-ақ, үй іргелік жерлеріне екінші өнім ретінде диқандар қызанақ, қияр және мал азықтық дақылдарды егеді.


"Қызылша егілетін жер өте құнарлы болуы тиіс. Ол үшін селитра, аммофос, малдың қилары арқылы жер тыңайтылады. Агротехникалық шаралардың басым бөлігі қолдың күшімен істелетіндіктен, қызылша егу үшін қажырлы еңбек керек екені ескерілуі тиіс. Алайда, үлкен еңбектің соңы – үлкен табысқа алып келеді", - дейді округ әкімі М.Битеміров.


Айта кетейік, былтыр ерте көктемде өнім алған А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары Алматы, Астана, Қарағанды қалаларына және Ресей мемлекетіне қызылша өнімін сатып, мол табыс тапқан.