Әр адамға 3 621 теңге жарна төлейді.
Түркістан облысы бойынша жеңілдік санаттағы адам саны - 1 354 049-ды құрайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекет есебінен қатысатын 15 санат бар. Биыл мемлекет жеңілдік санаттағы әр адамға 3 621 теңге жарна төлейді. Облыс бойынша жеңілдік санаттағы адам саны - 1 354 049. Бүгінде жеңілдік санаттағылар МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық түрін алып жүр. Бұл жайында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдеді.
Филиал директорының айтуынша, мұндай мүмкіндікті тек 15 жеңілдік санатқа қарастырылған. Олар: 18 жасқа дейінгі балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыссыз тұлғалар, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар, мүгедек баланы күтіп-бағуды жүзеге асыратын жұмыссыз адамдар, І-топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, зейнетақы төлемдерін алушылар, қылмыстық-атқару жүйесі еңбектерінде сот үкімі бойыша жазасын өтеушілер, тергеу изоляторларындағы адамдар, жұмыс істемейтін қандастар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар, жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар.